Қазақстанда алғаш рет Пржевальский жылқысы құлындады. Ботай мен Тұмар атты құлындар осы жазда «Алтын Дала» резерватының аумағындағы «Алиби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келді. Бұл 2024 жылы Берлиндегі Тирпарктен Қазақстанға жеткізілген биелердің алғашқы төлі. Олардың есімдері кездейсоқ таңдалмаған. Ботай - адам мен жылқының өзара қарым-қатынасы тарихымен байланысты археологиялық мәдениетті меңзейді. Ал Тұмар - қазақтың кие тұтқан нышаны. Қазір құлындар бір айдан асты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі олардың туылуы «Жабайы жылқыларды қайтару» жобасының жаңа кезеңін бастап бергенін және қазақ даласында Пржевальский жылқыларының жаңа буыны қалыптаса бастағанын атап өтті.
Серікболсын Құлжанов, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты директорының ғылым жөніндегі орынбасары:
- Бұл дүниеге келген құлындардың үйірге, басқа жылқылармен және енелерінің қасында өздерін ұстауы өте қалыпты жағдайда. Сыртқы келбетінде Пржевальский жылқысы Керқұлан, Кертағы – деп өзінің атында да айтылып тұрғандай құла түсті жануыар, барлығы бірыңғай бір түсті келеді. Одан кейінгі басты айырмашылығы жалы мен құйрығында. Жалы тік өседі.

