Қазақстандық SpaceLab әлемдегі үздік стартаптар қатарына енді

Қазақстандық SpaceLab әлемдегі үздік стартаптар қатарына енді

Қазақстандық стартап - SpaceLab спутниктік деректерді өңдеу саласындағы үздік әлемдік компаниялар қатарына енді. Халықаралық рейтингте Астана командасы 6-орын иеленіп, Орталық Азияның жалғыз өкілі атанды. Жобаның табиғи апаттар туралы ескертуге қабілетті төл технологиясы жоғары бағаланып отыр. Әзірлеме ұялы байланысы жоқ шалғай аудандарға арналған. Бөгендерге арналған датчиктер су деңгейін бақылап, тиісті терминал мәліметті жер серігі арқылы өңдейді. Бұл құтқару қызметтеріне ықтимал су тасқыны туралы ақпаратты жылдам алып, қауіп-қатердің алдын алуға көмектеседі. Инженерлердің шағын тобы барлық жабдықтарды өз зертханаларында әзірлеген. Мұнда модемдер, антенналар мен сыртқы қорабы жасалды, кейбір бөлшектері жоғары температуралы 3D-принтерде басылып шыққан. Осы мақсатта ғарыш саласы мен медициналық импланттар өндірісінде қолданылатын арнайы полимер пайдаланылды.


Дәурен Әубәкіров, SpaceLab өнімінің тең құрылтайшысы және бизнесті дамыту жөніндегі директоры:


- Су деңгейін өлшейтін датчиктер орнатылады. Егер су көтерілсе, онда бұл датчиктер мәліметтерді біздің спутниктік терминалдарға жібереді. Терминалдар әрі қарай жерсерікке жөнелтіп, ақпарат байланыс диспетчерлері арқылы арнайы қызметтерге жетеді. Немесе телефонға да хабарлама жіберіп – тұрғындарды су тасқыны туралы ескерте аламыз.


Арман Бекембаев, SpaceLab компаниясының негізін қалаушы және директоры:


- Біз өте шиеленіскен жағдайда, мысалы, табиғи апаттар орын алған аумақта жұмыс істей алатын терминал жасадық. Бір жерсерікпен байланыс үзілсе, біз басқасына ауысып, хабар жеткізе аламыз. Бұл терминалдар өте төзімді, олар + 85 градус ыстық пен – 40 градус аязда да, үздіксіз сілкініс жағдайында да жұмыс істей береді.

Әзiрлеме шынайы жағдайда сынақтан өтуде. Бір терминал Алматы облысындағы сейсмостанцияда орнатылған, ол мәліметтерді Сейсмология орталығына жөнелтеді. Тағы бірі - Ақтөбе облысындағы мұнай жөнелту нысанында жұмыс істеп тұр. Олар нақты уақыт режимінде мемлекеттік ахуалдық орталыққа шикізат көлемі туралы ақпарат береді. Қазір әзірлеушілер командасы айына 3 пилоттық жобаны іске қоса алады. Алдағы мақсат - сериялық өндірісті жолға қою. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?