Қазақстанда соңғы екі жылда 54 жаңа кен орны ашылды. Бұл
белсенді геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі. Тиісінше, елде
минералдық-шикізат базасы едәуір өсті. Мәселен, алтын қорының өсімі 157 тоннадан,
мыс - 122 мың тоннадан, темір кені - 2 миллиард тоннадан асты. Өнеркәсіп және
құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазір отандық геологиялық барлау саласы
кенді аумақтарды неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеуге көшкен. Жалпы ауданы 20 мың
шаршы километр болатын 100 геотүсірілім жобасы іске асырылуда. Алтын, мыс,
литий, вольфрам, молибден, және сирек кездесетін металдарды іздестіруге ерекше
көңіл бөлінген. Сонымен қатар, сала сандық форматқа көшірілуде. 60 жылдан астам
уақыт ішінде жинақталған геологиялық зерттеулердің 5 миллионға жуық картасы мен
есептері цифрландырылды.
Қанат Ерубаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы:
- Келесі қадам -
бұл жасанды интеллект, біз ондаған жылдар бойы жинақталған геологиялық
ақпараттың орасан зор көлемі жай ғана мұрағаттарда сақталып жата бермей,
белсенді қолданылуын, перспективалы аумақтарды жылдам табуға және неғұрлым
нақты шешімдер қабылдауға көмектесуін қалаймыз, бұл жерде түпкі мақсат өте
қарапайым - геологиялық зерттеуді жаңа өндіріске ұластыру. Яғни ресурсты
анықтаудан - барлауға, өндіруге, қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары өнімді
шығаруға көшуіміз қажет.

