Бүгін Баку қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жетінші саммит өтеді. Ұйымға мүше 28 мемлекеттің өкілдері өңірлік қауіпсіздік, көлік бағыттары және цифрлық жүйелерді талқылайды. Қазақстан үшін бұл алаңның маңызы ерек. Өйткені еліміз отыз жыл бұрын осы ұйымды құру туралы бастама көтерген. 2022 жылы кеңесті – консенсус негізінде толыққанды өңірлік халықарарлық ұйымға айналдыру жөнндегі Астана мәлімдемесі қабылданды. Қазір оның Жарғысының жобасы әзірленуде. Қатысушы мемлекеттер практикалық ынтымақтастықты нығайтып келеді. Оның бір бағыты – тасымалдарды цифрландыру. Қазақстан мен Әзербайжан ортақ көлік бағыттарын дамытып, халықарарлық тасымалдардың тиімділігін арттыруда. Жүк ағынын жеделдету үшін деректерді электронды алмасу жүйесін жолға қою көзделген.
Рауф Агамирзаев, Көлік және логистика саласының сарапшысы:
- Әр ел өз аумағындағы көлік жүйесін цифрландырумен айналысып жатыр. Енді осы жұмыстарды үйлестіріп, бәріне ортақ бірыңғай жүйе құру қажет. Орта дәліз мәселесі Астана, Баку, Тбилиси және Анкарада тұрақты талқыланып келеді. Менің ойымша, алдағы бірнеше жылда бұл бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесін көреміз.
Кеңес аясындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – энергетикалық қауіпсіздік. Қазір Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан «жасыл» энергетикалық дәліз жобасын пысықтауда. Бұл Каспий теңізінің түбімен оптикалық желі тарту арқылы үш елдің энергетикалық жүйесін байланыстыруды көздейді. Жоба мемлекеттер арасындағы электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік бермек.
Ильхам Шабан, Әзербайжан мұнай зерттеулері орталығының басшысы:
- Біз электр энергиясын экспорттау мүмкіндігіне иеміз. Оны Қара теңіздің түбімен Еуропа бағытына жеткізуге болады, сондай-ақ Грузия мен Түркия арқылы да тасымал жолын қалыптастыруға болады. Қазақстанның да осы саладағы әлеуеті үлкен екені белгілі. Бұл бағытты тиімді дамыта алсақ, алдағы төрт-бес жылда еліміз әлемдік нарықтарға жасыл энергияны экспорттап ғана қоймай, өзге мемлекеттерге де жаңа мүмкіндіктер ашатын транзиттік орталыққа айнала алады.
Саммитте цифрлық ынтымақтастық жеке талданады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің өзге де жұмыс бағыттары Баку декларациясында бекітілмек.

