Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындарында» фиджитал-футболдан жарыстың екінші күні қазақстандық құраманың жеңісімен аяқталды. United Esports Leagues командасы Ресей құрамасын екі кезеңнің қорытындысы бойынша 2:1 есебімен басым түсті. Нәтиже виртуалды және жасыл алаңдағы кездесудің жиынтығымен анықталды. Отандық портшылардың айтуынша, плей-офф кезеңіне шығуға тек шеберлік пен жылдамдық қана емес, сандық форматтан дәстүрлі ойынға ауысқан сәтте тактиканы жедел өзгерте білу де көмектескен. Енді оларды алда Оңтүстік Африка құрамасына қарсы кездесу күтіп тұр.
Қасиет Оңғарбек, «Болашақ ойындары – 2026» қатысушысы:
– Цифрлық кезеңдегі ойынымызды әлі де жетілдіреміз. Бүгінгі көрсеткен ойын – біздің деңгейіміз емес. Біз бұдан әлдеқайда жақсы ойнай аламыз. Күніне кем дегенде сегіз сағат жаттығамыз. Мұндағы атмосфера өте керемет, бәрі ерекше. Осындай халықаралық жарыстың Қазақстанда өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Барлық қатысушыларға, әсіресе біздің спортшыларға әр сында тек жеңіс тілеймін.
Ал қарсылас команда өкілдері қазақстандықтардың Аргентина құрамасына қарсы өткізген ойынын мұқият зерттеп, кездесуге дайындық барысында ескергендерін айтады.
Брайан Оладапо Идову, «Болашақ ойындары – 2026» қатысушысы:
– Өте тартысты ойын болды. Кездесуде ереже бұзушылықтар да аз болған жоқ. Ешкім жеңілгісі келмеді. Айтарлықтай қауіпті шабуылдар көп болған жоқ. Ойын тағдырын бір ғана сәт, бір ғана гол шешті. Доп борттан серпіліп, ойыншы мүмкіндікті мүлт жібермей қақпаға дәл соққы жасады. Қақпашы күтпеген жерден қапы қалды. Қарсыластарымыз өте жақсы өнер көрсетті.
625 мың АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорына талас енді үздік сегіз команда
арасында жалғасады. Турнир жеңімпазы 8-ші тамыз күні өтетін финалдық
кездесулерде анықталады.

