21 қыркүйектен бастап Қазақстанда дербес деректермен жұмыс істеу ережелері өзгереді. Қандай да бір ұйым азаматтар туралы неғұрлым көп ақпарат сақтаса, соғұрлым жоғары деңгейдегі қорғау шараларын қамтамасыз етуі тиіс. Мәселе сервистерге күн сайын берілетін жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірі, фотосуреттер, банк деректемелері және басқа да деректер туралы болып отыр. Операторлар үш санатқа бөлінеді - шағын, орта және ірі. Соңғыларына бес жүз мыңнан астам дерек сақтағаны үшін ең қатаң нормалар көзделген: жүйелердің қорғалуын бағалау, киберқауіпсіздік мониторингі және осалдықтарды тексеру міндеттеледі. Жүз мыңнан астам жазбасы бар қолжетімділігі шектеулі базалар үшін де қосымша қорғау шаралары көзделген. Атап айтқанда, пайдаланушылар сәйкестендіруден және деректі растаудан өтуі тиіс. Қауіпсіздік талабы бұзылған жағдайда оператор уәкілетті органға бір жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Екатерина Смышляева, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Орта және шағын деңгейдегі операторлар, яғни 10 мыңға дейін жазба дерек сақтаушылар және 10 мыңнан 500 мыңға дейінгі деректерді сақтайтындар қандай да бір тізілімге кірмейді, олар деректермен жұмыс бастағаны туралы хабарлама жібермеуге құқылы, бірақ сонымен бірге бұл заңнама оларды осы деректер массивтерін қорғау жауапкершілігінен босатпайды. Орта операторларға қойылатын талаптар сәл жоғары, ал шағын операторларға базалық талаптар жеткілікті.
Үмітжан Арықбекова, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Бізде бұрыннан бері дербес деректерді бақылау платформасы жұмыс істеп келеді, әрбір адам EGov-қа кіріп, оның қандай жеке деректерін, қандай қандай ұйым өңдегенін көре алады. Мысалға, егер сіз қандай да бір банктер немесе ұйымдар сіздің дербес деректеріңізге қол жеткізе алатынын және сіз осы компанияның алдында міндеттемелеріңіз жоқ екенін білсеңіз, онда сіз жай ғана тиісті батырманы басып, деректеріңізді кері қайтарып ала аласыз. Бұл қызмет қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Естеріңізге сала кетсек, дербес деректерді қорғау Конституцияның 21-бабында бекітілген. Ол жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа кепілдік береді және ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғайды. Жаңа ережелер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтеді және қазақстандықтар өз жеке деректерін пайдаланушылар туралы біліп қана қоймай, оларды қалай қорғайтынын да қадағалайды.

