Шетелдік инвесторлардың Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне қызығушылығы артып келеді. Былтыр салаға салынған инвестиция көлемі алғаш рет өндіруші өнеркәсіпке бағытталған қаржыдан асып түсті. Ал мұнай-газ секторының үлесі 2019 жылғы 38 пайыздан 2025 жылы 8 пайызға дейін төмендеген. Бұл туралы 100-ден астам ірі компания арасында жүргізілген сауалнама негізінде әзірленген «Қазақстан: инвестициялық бағдар - 2026» зерттеуінде айтылған. Инвестиция тартуға әлеуеті жоғары бағыттар қатарында көлік, энергетика және цифрлық технологиялар бар. Қазақстан шетелдік капитал ағыны бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Рустам Жүрсінов, Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы басқармасының төрағасы:
- Әрине, қазір сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар металдарға қызығушылық жоғары. Энергетика мен IT салалары да қазір өзара тығыз байланысты. Бұл бағыттар электр энергиясын өндіру және деректерді өңдеу орталықтарын салу мәселелерін қамтиды. Қазір энергетиканы екінші мұнай деп атап жүр. Өңдеу өнеркәсібінің де әлеуеті зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Яғни, ауыл шаруашылығы техникасын жасау және тау-кен өндірісіне арналған жабдықтар шығару салалары әлеуетті бағыттардың қатарында.
Шикізатты терең өңдеу де болашағы зор бағыттардың бірі. Қазір Қазақстанда аминқышқылдары өндіріліп, мақта негізінде тоқыма кластері дамып келеді. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде әр өңірдің ресурстық мүмкіндіктері мен экономикалық әлеуетін ескеру маңызды. Бұл жергілікті шикізат негізінде жаңа өндіріс орындарын дамытуға жол ашады.
Александра Молчановская, Dasco Strategy директоры:
- Бізде АХҚО және арнайы экономикалық аймақтар бар. Жалпы, инвесторларды тарту және олардың жобаларын сүйемелдеу жүйесі қалыптасқан. Бұл жұмыс жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогтан бастап, туындаған мәселені жедел шешуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артты. Былтыр көрсеткіш 23,5 триллион теңгеге жетсе, нақты өсім жылдық есеппен алғанда 17% жуықтады.
Инвесторлар үшін өңірлердің ресурстық әлеуетімен қатар, дамыған инфрақұрылымның болуы да маңызды. Яғни, жолдар, инженерлік желілер және тұрақты электрмен жабдықтау жүйесі қажет. Президент 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Бастама инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инвестицияға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріледі. Нәтиже тек салынған инвестиция көлемімен емес, экономика мен халыққа тигізген пайдасымен де бағаланбақ.

