Жаңа өндіріс ошақтары, инвестициялар мен заманауи технологиялар. Елдегі Alatau City жаңа технологиялық қаласы неміс бизнесімен ынтымақтастықты кеңейтуге тың мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте өнеркәсіп, машина жасау, денсаулық сақтау және цифрлық экономика әлеуетті бағыттардың қатарында. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуда үкіметтік және бизнес деңгейіндегі тұрақты кездесулер мен бірлескен экономикалық алаңдардың маңызы зор. Мұндай пікірді Германияның Қазақстандағы елшісінің тұрақты орынбасары Ульрих Кинне білдірді.
Ульрих Кинне, Германияның Қазақстандағы елшісінің тұрақты орынбасары:
- Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келеді. Елдің Германия үшін де, бүкіл әлем үшін де стратегиялық маңызы зор. Жалпы экономикасын әртараптандыру жолын таңдаған ел аса құнды серіктеске айнала алады. Мәселен, германиялық Knauf компаниясы Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге мүдделік танытты. Көптеген неміс компаниясы Қазақстанда өз өнімдерін шығарып, өндірісті жергіліктендіруге белсенді қатысып келеді. Alatau City жобасы Knauf компаниясына ғана емес, Германияның басқа да көптеген кәсіпорнына мұндағы қызметін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

