Қазақстан көліктік-транзиттік әлеуетін арттыруға ниетті. Құрылтай жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияға электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттаманы ратификациялады. Ол еліміздің халықаралық жүк тасымалы саласын цифрлық құжат айналымына көшіруге жол ашады. Айта кетейік, қазіргі уақытта құжаттар Конвенцияға сәйкес қағаз түрінде рәсімделеді. Қабылданған қосымша хаттама деректерді қолданыстағы ақпараттық жүйелер арқылы электрондық форматта қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, жүйе бизнес шығындары мен әкімшілік кедергілерді азайтуды, тасымалдаушылар мен уәкілетті органдар арасында жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Еске салайық, Президент Жолдауында халықаралық көлік бағыттарын электрондық жүйеге көшіру қажеттігін атап өткен болатын.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:
- Қазақстан Кедең Одағы аясында аталған жобаны жүзеге асыруға кірісті. Осы жылдың 15 қазанында Қазақстан-Ресей бағыты бойынша электрондық жүкқұжаттарды пайдалана отырып, автотасымалдау жөніндегі алғашқы пилоттық жоба іске қосылды. Бұл тасымалдау саласындағы цифрлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге негіз болады. Электрондық құжаттарды енгізу тәжірибесі оң нәтиже көрсетті.

