Қазақстанның Ұлттық музейінде еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Қазақбай Әжібекұлының «QYZĞALDAQ MEKENI» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозиция ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған. Көрмеге тарих, мәдениет, ұлттық дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін 100 картина қойылған. Қылқалам шеберінің туындыларында кең байтақ дала, тарихи тұлғалар мен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі көрініс тапқан. Автор өз шығармашылығында этносаралық келісім тақырыбына да ерекше мән береді. Мұражай төрінен орын тепкен «Ортақ үй» картинасында суретші бірлігі жарасқан құтты мекен идеясын Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерін бір шаңыраққа сыйғызу арқылы жеткізген. Ал экспозицияның негізгі символы - қызғалдақ. Автордың пайымынша, дала жауһары еркіндікті, төзімділік пен халықтың рухани мұрасын айшықтайтын бірегей нышан іспетті. Қылқам шебері қазақ мәдениетінің байлығын танытуды мақсат етеді. Көрме 25 желтоқсанға дейін жалғасады.
Қазақбай Әжібекұлы, суретші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері:
- Меніңше, Қазақстанның, қазақ халқының тарихы осы гүлмен астасып жатыр. Қызғалдақ қатал табиғат жағдайына, жаңбыр мен қарға қарамастан, өзінің болмысын, мекенін сақтап қалды. Сол сияқты біз де егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік отын көздің қарашығындай сақтап келеміз. Күншығыс елі деген атау бар ғой. Менің ойымша, біздің елімізді де «Қызғалдақ мекені» деп атауға әбден лайық.
Еңлік Мейірхан, студент:
- Бұл көрмені тамашалау мен үшін үлкен қуаныш болды. Біріншіден, суретші біздің университеттің өкілі. Оның үстіне, осындай керемет музейде туындыларының ұсынылуы ерекше әсер қалдырды. Барлық жұмыстары өте әдемі әрі нәзік орындалған. Бұл туындылар студенттерге шабыт беріп, өз қабілеттерін шыңдауға, осындай тамаша суретші болуға ынталандырады.

