Қазақстан Президенті педагогтерді төл мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскенін атап өтті. Мемлекет басшысы ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді. Елде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Биыл да мереке күндері барлық аймақта әкімдер мұғалімдер қауымын марапаттап, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Ұстаздарды дәл осылай жалпыұлттық деңгейде ұлықтау ісі жалғасын табады.
Қазір Қазақстанда 4 млн астам оқушы бар, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр. Соңғы 7 жылда 1 млн астам шәкіртке арналған 1300 астам мектеп бой көтерді. Биыл тағы 100-ге тарта білім ошағы салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Олардың 40% жуығы ауылдық жерде орналасқан. Мемлекет басшысы бүгінде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын жақсы үрдіске балады. Биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ж асанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс. Бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді.
Алайда Президент озық технология дәуірінде кітап оқудың да мән-маңызын арттыруымыз қажет санайды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды. Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.

