Лондонда Алатау қаласы бойынша 1,3 млрд доллар сомасындағы 9 келісімге қол қойылды. Ұлыбритания астанасында инвестициялық дөңгелек үстелі өтті.
Бұл Қазақстанның және Орталық Азияның жаңа технологиялық хабын дамыту үшін халықаралық капитал тартуға бағытталған еуропалық роуд-шоудың бастамасы болды. Жобалар қала инфрақұрылымын, сонымен қатар Экстер университеті, Brighton College және Repton Group қатысуымен білім беру ұйымдарын іске қосуды қамтиды. Бұдан басқа, AstraZeneca және Crescent Meditours-пен ынтымақтастық аясында медицина саласын жетілдіру көздлген.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары:
- Қол қойылған құжаттар ауқымды бағыттарды қамтиды. Олардың қатарында дәрі-дәрмек өндірісінен бастап, жаңа технологиялық шаһар инфрақұрылымының құрылысын қаржыландыруға дейінгі аса маңызды жобалар бар. Жалпы қаланы дамытуға қатысты тың ойлар көп. Ұлыбританияның бұл бағытта тәжірибесі мол. Сондай-ақ басқосуда білім беру және ғылыми кластер құру мәселелерін де талқыладық. Бұдан бөлек Alatau City аумағында бірнеше британдық университет пен мектеп ашуды жоспарлап отырмыз.
Жалпы танымдық жиынға 70-тен астам компания, инвестициялық қор, банк және сараптамалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Онда Alatau City-ді дамыту тұжырымдамасы, әлеуетті инфрақұрылымдық жобалар мен бизнес жүргізу тетіктері таныстырылды. Шаһар өнеркәсіптік, іскерлік және логистикалық орталыққа айналмақ. Қалада ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген арнаулы құқықтық режим қарастырылмақ. Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 7 млрд долларды құрайтын 67 жоба бар.
Роберт Мэр, инженер / Ұлыбритания/:
- Атқарылған жұмыстың ауқымы шынымен әсерлі. Қазақстан Үкіметінің бұл бастаманы жүзеге асыруға белсенді қатысып, қолдау көрсетуі халықаралық серіктестердің сенімін нығайтады. Жобаның әлеуеті зор деп санаймын. Оны іске асыру үшін қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, құқықтық және салықтық база қалыптастырылып, валюталық реттеу мен кедендік рәсімдер мәселелері пысықталуда. Мұның бәрі шетелдік инвесторлар үшін сенімді әрі ашық жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Гарри Доббс, Alatau City кеңесінің мүшесі:
- Alatau City бизнес үшін тартымды орталыққа, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияға жол ашатын қақпаға айналуы мүмкін. Сондықтан да бұл ретте инвесторлардың сенімін нығайтуға бағытталған арнайы экономикалық аймақтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Жалпы бұл тың жобаның негізінде ашықтық пен бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беру қағидаттары барынша қарастырылғанын көріп отырмыз.
Іскерлік бағдарламада Лондон қор биржасының, Brookfield Asset Management, Société Générale, J.P. Morgan, Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Тараптар Alatau City қаласындағы энергетика және көлік салалары бойынша негізгі жобаны қаржыландыру мәселелерін талқылады. Лондонда өткен кездесу Қазақстанның жаңа цифрлық қаласы - Alatau City жобасын Еуропада таныстыру шараларына жол ашты. Еуропалық роуд-шоудың келесі кезеңі Германияда өтеді.

