Республика күніне орай Астанада көрнекті қазақстандықтар туралы көрме ашылды

Республика күніне орай Астанада көрнекті қазақстандықтар туралы көрме ашылды

Қазақстанның Ұлттық музейінде Республика күні мен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған көрме ашылды. Экспозиция Қазақстанның дамуына үлес қосқан ғалымдар мен өнер қайраткерлеріне арналған. «Тәуелсіздік тұғырындағы тұлғалар: ғылым және мәдениет қайраткерлері» көрмесінде олардың жеке заттары, еңбектері, марапаттары, фотосуреттері мен архив материалдары ұсынылған. Көрменің мақсаты – жас ұрпақты көрнекі тұлғалардың мұрасымен таныстыру. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Болат Аюханов, Кеңес Сағадиев, Кемел Ақышев, Роза Рымбаева және Күнсұлу Закарья бар. Биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарьяның зерттеу ісіне қызығушылығы бала кезінен басталған. Жарты ғасырдан астам уақыт химия пәнінен сабақ берген анасы қызының ғылымға ынтасын оятқан. Кейін ол олимпиадаларға қатысып, алғашқы зерттеулерін жасаған. Осылайша, бала күнгі қызығушылығы өмірлік мамандығына айналды. Коронавирус пандемиясында Күнсұлу Закарья QazVac вакцинасын әзірлеуге жетекшілік етті. Бұл жоба отандық ғылымның маңызды жетістігіне айналып, қазақстандық мамандардың әлеуетін танытты.

Күнсұлу Закарья, Биология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы заң қабылданды. Осы заң аясында «Қазбиофарм» ұлттық холдингі құрылды. Холдинг құрамына кіретін институттар ветеринария және денсаулық сақтау салаларында 50-ден астам түрлі вакцина әзірледі. Вакциналардың жекелеген түрлері экспортқа шығарылып, көршілес елдерге жеткізіліп жатыр. Осылайша, біз ғылым жетістіктерін Қазақстанда ғана емес, шетелге де танытып келеміз.

Қазақстан тарихында Өзбекәлі Жәнібековтің орны ерекше. Ол өмірін ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді зерттеуге арнады. Оның бастамасымен 1988 жылы республикада Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі қайта жаңғырды. Сондай-ақ ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көне Отырар қаласының тарихи ескерткіштерін қалпына келтіруге бастамашы болды. Ғалым ұмыт қалған есімдер мен еңбектерді, соның ішінде «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мұрасын қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Өзбекәлі Жәнібековтің басшылығымен музейлер ашылып, фольклорлық-этнографиялық ұжымдар құрылды, қазақ халқының дәстүрлі қолөнері зерттелді.

Бауыржан Жәнібеков, Мемлекет және қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтың ұлы:

-  Ол Түркістан облысы, Отырар ауданында, Отырар қалашығының маңында дүниеге келген. Ол жерде үнемі археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін. Мұның бәрі оның бала кезінен қалыптасуына әсер етті. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің, белгілі композиторларымыздың, әншілеріміз бен өнер қайраткерлерінің, Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовтың туған өлкесі. Күн сайын, кеш сайын үйге реставраторлар, суретшілер мен тарихшылар келетін. Әкем олармен бірге жұмыс істеп, әңгімелесетін. Олар сызбалар сызып, жазбалар әзірлейтін. Осындай жұмыстардың негізгі бөлігі үйде атқарылатын.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?