Қазақстан мен Ватикан ауыр әрі жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған ортақ құжат әзірлеп жатыр. Хартия жобасы Астанада өткен екінші бірлескен коллоквиумда талқыланды. Жиынның ашылуына Вице-Президент Ерлан Қарин мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті, кардинал Джордж Джейкоб Кувакад қатысты. Ерлан Қариннің айтуынша, дінаралық үнқатысу нақты гуманитарлық бастамаларға ұласуы қажет. Ал ауыр дертке шалдыққан балалардың өмірі, денсаулығы мен қадір-қасиетін қорғау – соның маңызды бағыттарының бірі. Хартияны әзірлеуге Ватиканның «Бамбино Джезу» госпиталі де атсалысып отыр. Аталған аурухана Қазақстандағы University Medical Center-мен ынтымақтастық орнатқан. Бұған дейін Ерлан Қарин кардинал Джордж Кувакадпен кездесіп, Съезд аясындағы ықпалдастық пен бірлескен гуманитарлық жобаларды талқылады. Кардинал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Рим Папасы он төртінші Леоның сәлемін жеткізді.

