Chat GPT-дің қазақша
транскрипциялау дәлдігі 98%-ға дейін артты. Астанада Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамы мен OpenAI компаниясының бірлескен жобасының нәтижелері таныстырылды. Ауқымды
бастама былтыр Вашингтонда жасалған келісім аясында жүзеге асып келеді. Жобаның
мақсаты – қазақша LLM - тіл модельдерінің сапасын арттыру. Оның аясында қазақ
тілінің мәтіндік корпусы 14 миллиард токенге, аудиодеректер қоры 12 мың сағатқа
жетті.
Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының
президенті:
- Біз Chat GPT-ді үйретіп жатырмыз. Соның арқасында ол аударма құралы ретінде де,
қазақ тілінде қойылған сұрақтарға жауап беретін адамзат біліміне қатысты
деректерді қорытып айтатын құрал ретінде де, соның ішінде қазақ тілінің ділі,
мәдениеті, дәстүріне қатысты сұрақтарға қатесіз жауап бере алатындай болуы
керек.
AI Evaluation Benchmark Suite жүйесінде қазақ ұлтына қатысты этнографиялық
білімді бағалайтын бенчмарк әзірленді.
Ол қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне қатысты жасанды
интеллектінің білімін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақ тіліне
арналған Document AI және NLP құралдары жасалды. Бұл технологиялар төте және
латын қарпімен жазылған архивтік материалдарды цифрландыруға жол ашты. Алдағы
мақсат - тілдің мағналық құрлымына лайық токенайзер жасау. Мұның барлығы тиісті
есептеу қуаттарын қажет етеді.
Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы :
- Дата-центрлер алқабы деп жатырмыз, Екібастұзда
салынайын деп жатқан. Сол жерде де біз, осы 1 пайызын болсын қазақ тілінің
дамуына жүктеп қойып, үлкен ресурстарды беруге дайынбыз. Өйткені, бұл жұмыс үлкен
ресурсты талап ететін мәселе. Яғни бұл бағытта ғалымдар ғана жұмыс істеп
қоймай, біз бұған «Қазақтелеком» ретінде ат салысуға дайынбыз.

