Қазақстан Үкіметі Ли Кай-Фудың ұсынымдарына және озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жобасын іске асыруға кірісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны жүзеге асыру барысын Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директорымен талқылады. Ли Кай-Фу шағын жинақты мектептерге жасанды интеллектіні енгізу жобаларының негізгі параметрлері жөнінде мәлімдеді. Пилоттық жоба бірінші кезеңде биыл қыркүйектен бастап, 10 мектепте жүзеге асырылады. 2027 жылдың қаңтарынан бастап оны 60 мектепке, ал сәуірде 500 мектепке енгізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы жобаны іске асыруда оның ауқымын кеңейту және білім сапасын арттыратын нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды екеніне тоқталды.

