Қазақстан Үкіметі Цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын мақұлдады. Құжат 10 бағыт бойынша 65 іс-шараны қамтиды және экономикада цифрлық активтерді қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Кешенді шараларды жүзеге асыру инвестициялық тартымдылықты арттыруға және цифрлық активтердің заманауи, бәсекеге қабілетті саласын қалыптастыруға ықпал етеді. Бүгінде елімізде осы орайда қажетті нормативтік база қалыптастырылып, Президенттің арнайы Жарлығы қабылданды. Ұлттық стратегиялық крипторезерв көлемі 700 млн долларға жетті. Аса маңызды бағыттардың бірі – цифрлық теңгені қолданысқа енгізу. Бұл жоба төлем инфрақұрылымын жаңғырту және қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру құралы ретінде жүзеге асырылуда. Халықаралық зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз жаһандық биткоин майнингі саласына қатысу үлесі бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына енгенін айта кету керек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық жаңғыруына қатысты маңызды міндеттер қойды. Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Оның дамуына қажетті негізгі жағдайлардың бәрі жасалды. Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни, бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.

