Бүгінгі Құрылтай сайлауы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
бастамашылық еткен ауқымды реформалардың нәтижесі. 2019 жылдан бастап
Қазақстанда саяси өзгерістер кезең-кезеңімен іске асырылды. Осылайша, үш жыл
ішінде, яғни 2022 жылға дейін мемлекеттік басқару жүйесі мен заңнаманы кең
ауқымда қайта қарау жұмыстары жүргізілді. Жаңашылдықтардың маңызды бөлігі
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында қамтылды. Қазақстандықтар ел
игілігі үшін маңызды шешімдерді қабылдау үдерісіне белсенді қатыса бастады. Саяси
партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны біртіндеп азайтылды. Парламенттік
сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота
енгізілді. Партиялардың Мәжіліске өту шегі 7%-дан 5%-ға төмендетіліп, сайлау
бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» графасы қосылды. Осылайша, 2023 жылдың
наурызындағы парламенттік сайлау қорытындысы бойынша алты партия өтіп, оның
үшеуі алғаш рет депутаттық мандат алды.
Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның
стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
- Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Бұл саяси жаңғыру
дәуірі. Ол іс жүзінде биыл, тіпті 2025 жылдан емес, Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалардың кешенін жариялаған 2019
жылдан бастау алды. Бұл жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан ауқымды процесс.
2019-2022 жылдардағы реформалар азаматтардың мемлекетті
басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтті. 2021 жылы алғашқы ауыл және
аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтті. Парламент пен жергілікті
мәслихаттардың құзіреті артты. Құқықтық реформалар да қарқын алды. Қазақстан
Бала құқықтары туралы және Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық
пактілердің хаттамаларын бекітіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихи межесі ірі институционалдық өзгерістермен
түйінделді.
Альберто Тюркстра, саясаттанушы, Diplomatic World Institute жобаларының жетекшісі:
- Қазақстанның дамуы туралы қысқаша былай айтар едім.
Елде ұлттық және мемлекеттік құрылыс кезеңінің алғашқы ірі кезеңі — үш
онжылдықтың ішінде табысты аяқталды. Тәуелсіздікке қол жеткізілді, аумақтық
тұтастық қамтамасыз етілді, институттар нөлден бастап құрылды. Ел халықаралық
қауымдастықта беделді орта держава ретінде өз орнын алды.

