Қазақстанда сайлау науқанының бірінші аптасы аяқталды. Ол партиялар арасындағы саяси бәсекелестік жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Республикалық телеарна эфирінде 7 партияның алғашқы теледебаты өтті - сайлаушылар ең өзекті сұрақтарына кандидаттардың пікірін естіді. Тағы бір мәселе - цифрлық технологиялар. Олар сайлау науқанының бір бөлігіне айналуда. Саяси бірлестіктер дәстүрлі үгіт-насихатпен, медиа және әлеуметтік желілермен қатар AI-шешімдерді пайдаланды. Бұл қоғамның сұранысын талдау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ электоратпен тікелей диалог құруға және азаматтармен тиімді өзара іс-қимылға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «САЙЛАУ-2026» сарапшылық платформасының қатысушылары айтты.
Жандос Шаймарданов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
- AI тәрізді жаңа құралдар, цифрландыру үрдісі сайлау
алдындағы науқанды және саяси партиялардың жұмысын жүргізуге әсер етеді. Бұл
өте жақсы белгі деп есептеймін. Кеше, айталық, теледебат аясында онлайн-дауыс
берілді, оған 20 мыңға жуық телекөрермен қатысты. Олар тікелей эфирде партияға
емес, өздеріне ұнаған спикерлерге дауыс берді, бұл жерде теледебатқа қатысушыларға
басымдық берілді. Олар өз ұстанымдарына халықты үгіттей алды ма, жоқ па, соған
сай азаматтар таңдау жасады.
Найла Мұхтарова, саясаттанушы:
- Менің ойымша, мұнда назар аударуға тұрарлық қызықты саяси технологиялық құралдар пайдаланылды. Осылайша, үміткерлер жалпы алғанда, барша электоратты, соның ішінде жастарды сайлауға қатысуға үгіттеп отыр.
Қатысушылар жасанды интеллект арқылы жасалған сайлау материалдарын
таңбалау тақырыбын жеке талқылады. Олар мұндай белгі AI көмегімен дайындалған
немесе өзгертілген барлық сайлау алдындағы үгіт материалдарына қойылуы тиіс екенін атап өтті.

