Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейге барды. Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады. Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды. Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты. Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды. Музейді аралап болған соң бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

