Қазақстанда ірі халықаралық компаниялардың дата-орталықтары орналаспақ. Қызығушылық танытқан алпауыттардың бірі - америкалық Amazon компаниясы. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі компания өкілдерімен ел аумағында бұлтты сервистерді іске қосу мәселесін талқылауға кіріскен. Алғашқы сынақ жыл соңына дейін басталуы ықтимал. Бұлтты технологиялар - есептеу қуаты мен деректерді сақтау жүйелерін бірлесіп пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни, әр ұйымға жеке серверлік инфрақұрылым жабдықтаудың қажеті болмайды. Жоба толыққанды жүзеге асса Орталық Азия нарығына қызмет көрсететін өңірлік хаб құру мүмкіндігі пайда болады. Осы мақсатта елде қуаттылығы 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» құрылысы қолға алынған.
Жолдас Саханов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің комитет төрағасы:
- Оларда Amazon Cloud сервисі бар, онда қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұсынатын көптеген қызметтер қамтылған, сол себепті олардың қызметтерін бүкіл әлем бойынша ірі IT-компаниялар пайдаланады. Яғни, егер біз өз аумағымызда осындай хабты орналастырсақ, әлемдік IT-компаниялар Қазақстанда өз өкілдіктерін аша бастайды. Яғни, Amazon баршаға ортақ бұлтты технологиясын ұсынады, оның көмегімен біз барша Орталық Азия үшін де үлкен маңызға ие өңірлік хаб құрамыз.

