Жаңа Азаматтық Кодексте цифрлық құқық мәселелерін реттеуге басымдық беріледі. Бұл жаңашылдықтар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған құқықтық жүйені жетілдіру міндеті аясында қолға алынбақ. Сондай-ақ, заңнамалық новеллалар Азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауға, келісімшарттардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге және цифрлық қатынастарды реттеуге бағытталуға тиіс. Әділет министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері «Е-Өтініш» жүйесін жетілдіру, нотариалдық қызметті оңтайландыру, заңнамалық бастамаларды қоғамдық талқылау аясын кеңейту мәселелерін көтерді. Құқықтық бастамалар сарапқа салынған жиынға адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Мамандар электрондық қолтаңбаның құқықтық аспектілеріне назар аударды. Бұл ұсыныстар жаңа кодексті әзірлеу барысында ескеріледі.
Марат Бәшімов, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Қазір осы салада цифрлық экономика, цифрлық құқық бірінші орында тұр. Сондықтан біздің заңгерлерге осы салаға көңіл бөлу керек. Азаматтық Кодекске де өзгерістердің барлығы осы цифрлық құқықпен байланысты. Өйткені қол қоятын тәсіл, цифрлық қол қою дейді ғой, оның бәрі де өзінің орнын Азаматтық кодексте табуы керек. Белгілі сарапшылар, Президент атап өткендей, ғылыммен бірге, ғалымдар, мамандар бәрі де бірлесіп өздерінің ұсыныстарын кіргізуі керек.

