Өткен демалыс
күндері Астанада Comic Con ауқымды гик-мәдениет фестивалі өтті. Биыл іс-шара
бірден екі алаңда ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша елордада косплейшілер бас
қосты. Келушілер аниме, кино, сериалдар мен бейнеойындардағы сүйікті
кейіпкерлерінің бейнесін сомдады. Қазақстанның бас шаһарына жұлдызды қонақтар
да арнайы келді. Олардың қатарында «Тақтар ойыны» сериалындағы рөлімен
көпшілікке танымал Николай Костер-Вальдау бар. Арнамызға берген эксклюзивті
сұхбатында актер әрі продюсер қазақтың ұлттық сусыны – қымыздың дәмін татып
көргенін, Бәйтеректен Астананы тамашалағанын және елімізге тағы да оралғысы
келетінін айтты. Әңгіме барысында жасанды интеллект тақырыбы қозғалды. Николай
Костер-Вальдау елордада өтетін Astana AI Film Festival фестиваліне назар
аударды. Оның пікірінше, бұл шара саланың жаңа бағытының қалыптасуына жол
ашады.
Николай Костер-Вальдау, актёр, продюсер:
– Бәріміздің ой
жүгіртуімізге лайық мәселе. Бізге үнемі жасанды интеллект бәрін өзгертеді деп
жатады, бірақ мұның қалай іске асатынын түсіну қиын. Кино өндірісі үшін бұл өте
қуатты құрал екені анық. Астанада AI көмегімен жасалған фильмдерге арналған
кинофестиваль өтетінін білемін. Бұл өте орынды деп есептеймін. Мұндай фильмдер
киноиндустрияның жеке бағыты болады деп ойлаймын. Ал дәстүрлі кино мен
теледидар үшін АІ бүгінгі таңда қолданылып жүрген көптеген технологиялар
тәрізді тағы бір жұмыс құралына айналады.

