Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға -
шыншыл сөз» атты таңдаулы ойлары мен пікірлерінің жинағы жарық көрді. Ол отыз
жылдан астам уақытты қамтып, Қазақстан Президентінің мемлекет пен қоғам дамуына
көзқарасын танытады. Сарапшылардың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары
айтқан көптеген идеялары бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарынан -
заң үстемдігі мен мемлекеттік басқаруды жаңғыртудан бастап цифрландыруға, білім
мен ұлттық құндылықтарға дейін көрініс тапқан. Сарапшы Исатай Минуаровтың
пікірінше, кітап еліміздің қазіргі мемлекеттік саясаты мен даму бағдарын
айқындайтын негізгі идеялар мен қағидаттардың түп тамырын тануға мүмкіндік
береді. Кітаптың таралымы - 5 мың дана.
Исатай Минуаров, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты жөніндегі сарапшы:
- Менің ойымша, оның барлық идеяларының түп мазмұны жаңа
қоғамдық шартқа көшуді көрсетеді. Мемлекет азаматтарды үлкен жауапкершілікке
шақырады, сонымен қатар олардың орнына әділеттілікті, тәртіпті және есептілікті
қамтамасыз етеді. Осылайша, жаңа қоғамдық шарт қалыптасады. Бұрын ондай
болмаған. Қоғам өзгеруде. Біз жаңа саяси, әлеуметтік және экономикалық шындықта
өмір сүріп жатырмыз, бұл өте маңызды. Президенттің идеялары осы өзгерістер мен
жаңашылдықтарға сәйкес келеді.

