Қазақстанда тазалықтың ұлттық стандарты әзірленеді. Мұндай ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Президент оны жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз қажеттігін атап өтті. Бірегей жоба ұлт болмысына озық өзгерістер әкелді. Осындай маңызды жұмыстың арқасында халқымыздың бойында мүлде жаңа қасиеттер мен құндылықтар пайда бола бастады. Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді. Президент бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр. Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын.
Бүгінде Астананың бірыңғай сәулет стилін айқындайтын үлгілер мен дизайн-код әзірлеунуде. Қазір елордада Есіл өзенінің бойында қоғамдық кеңістіктің бірыңғай жүйесі қалыптасып келеді. Осы жұмыстар аясында қаланың түрлі бөлігіндегі саябақтар, серуен және спорт аумақтары тұтас жасыл белдеуге біріктіріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Астаналық урбанистика орталығының тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен таратуды тапсырды. Бұл – шаһар тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобалар дайындайтын маңызды құрылым.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ мен Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен «Таза Қазақстан» бірегей жобасы негізінде «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күнін» жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да БҰҰ Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады. Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр.
Президент мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз тегін медицина бойынша өзінің конституциялық міндеттемелерін толық орындайтынын атап өтті. Босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шығып, төлемдер алады әрі жұмыс орны сақталады. Сонымен қатар, 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі.
Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылған барлық балалар тегін есту аппараттарымен жабдықталады. Мемлекет басшысы үкіметке шұғыл түрде Қазақстанда олардың өндірісін жолға қоюды тапсырды.

