Өткен жылы Орталық Азия елдерінің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 550 млрдд долларлық межеге жуықтап, өсім 6 % асты. Бұл – әлемдегі орташа көрсеткіштен екі еседей жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде өткен «Орталық Азия - Корея Республикасы» бизнес-саммитінде елдердің экономикалық дамуына қарқын қосатын жаңа мүмкіндіктерді атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда-экономикалық және көлік саласындағы ықпалдастықтың кеңеюі аймақты инвестициялық тұрғыдан тартымды ете түседі. Бұның бәрін Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашады. Қазақстан осы маңызды міндетті еңсеру үшін өз әлеуетін толық пайдалануға дайын. Бүгінде өңірге шетелден тартылатын инвестицияның 70% жуығы біздің елге тиесілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан Үкіметі бірлескен жобаларды өз деңгейінде жүзеге асыру үшін корей кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетеді. Ол үшін Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленеді. Біз инвестициялық ахуалды дәйекті түрде жақсартып, шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап келеміз. Елімізде бизнес бастауға ниетті инвесторларға артықшылықтар ұсынатын Altyn Visa бағдарламасының енгізілуі – маңызды қадамның бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды материалдар саласындағы серіктестікке назар аударып, геологиялық барлау, кен игеру, аса маңызды материалдарды терең өңдеуге қатысты толық циклді инвестициялық жобалардың тізімін жасақтауды ұсынды. Корей бизнесіне ұсынылған бастамалар қатарына көлік және логистика саласындағы жобалар да кіреді. Қазақстан Президентінің айтуынша, АІ мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірқатар маңдайалды бастамаларды іске асырып жатырмыз. Олардың қатарында қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы да бар. Кадрлық және ғылыми әлеуетіміз де нығайып келеді. Еліміздегі алғашқы арнаулы университет – Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті. Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан рекордтық көлемде, яғни 27 млн тоннадай астық жинағанын мәлімдеді. Агроөнеркәсіп өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне жеткізіледі. Экспорт көлемі 7 млрд долларға жетті. Қазақстан жер ресурстарына бай, ал Корея жоғары технологияларға ие. Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құрып, шетелдік нарықтарға шығуды ұсынды. Бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейте түседі. Сонымен қатар тұтас Орталық Азияға нақты мультипликативті әсер тигізеді. Президенттің пікірінше, аймақтың экономикалық табысын 5 елдің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайды. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету Орталық Азияның әлеуетін аша түседі.

