Бүгін Тәуелсіздік сарайында VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты жиында Қазақстан Президенті спортшылар мен бапкерлерді байрақты жарыстағы жарқын жеңістерімен құттықтады. Еске сала кетейік, сайыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жалпы есепте бірінші орынға шығып, 74 медаль еншіледі. Мемлекет басшысы отандық атлеттер аса шеберлік көрсеткенін, олардың рухты жеңісін ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балап, Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүние жүзіне паш еткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты,
нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты
миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын
нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды.
Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін.
Кез келген табыс - жүйелі жұмыстың нәтижесі. Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, сондай-ақ бірқатар спорт залдары, ареналар мен алаңдар жаңғыртылды. Сонымен қатар, Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Елімізде ұлттық спорт та қарқынды дамуда. Оның мәртебесі заңнамалық түрде олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді. Қазір осы салада жұмыс істейтін отыздан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті мен Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ашылған. Бұл салада әлі де көптеген міндеттер тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс – «Болашақ ойындары» сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек, бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройына, беделіне өте қажетті халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда 10-шы Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде бүкіл әлем осы жарысқа
қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, бауырлас халықтарды оны дамыту мен
ілгерілетуде күш біріктіруге шақырды. Бұл Ұлы дала өркениетінің рухани
құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік береді. Салтанатты рәсім барысында Президент
спорттағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын
ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқаны үшін бір топ азаматқа
мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады.

