Wilo неміс концерні Алатау қаласында сорғы құрылғысына маманданған өңірлік сервис және инженерлік орталығын ашуды жоспарлап отыр. Оны іске асыру барысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компаниялар тобының басқарма төрағасы Оливер Гермеспен талқылады. Жаңа нысан компанияның жергілікті өндірісті дамытқан неміс бизнесінің жарқын үлгісі. Бүгінде «Вило» өндіріс кешені Алматы өңірінде жұмыс істеп тұр. Ендігі қадам локализацияны тереңдету, елімізде шығарылатын бөлшектер үлесін арттыру және отандық жеткізушілер қатарын көбейту. Сондай-ақ, компания қазақстандық инжиниринг кәсіпорындарымен, университеттермен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Оның аясында кадр даярлау, сервистік қызмет көрсету және цифрлық шешімдерді ілгерілетуге басымдық берілмек.
Йенс Даллендёрфер, Wilo Amea компаниясының өңірлік бас директоры:
- Қазақстан инновацияларды тұрақты түрде енгізіп жатқан жас мемлекет. Мұндай ауқымды экономикада көптеген жобаны өте жылдам жүзеге асыруға болады. Бұл біздің «жаңашыл болу» қағидатымызға сай келеді. Сондықтан біз сіздерден көп нәрсе үйреніп жатырмыз. Өйткені мұнда көптеген жаңа идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте Қазақстан біз үшін үлгі болып отыр.
Енді бір неміс компаниясы D.A.R. Metall AG отандық Qarmet-пен бірлесе жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның басқарма төрағасы Кристиан Артнермен серіктестікті дамыту әлеуетін талқылады. Тараптар неміс технологияларын енгізуге және өндіріс жобаларын жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ, компания Алатау қаласында тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу жобасына қатысуды көздеп отыр.

