Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады. Ұлы
ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің
асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады, - деді мемлекет басшысы. Хакімнің
«Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан
өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым. Абай қара сөздерінің тағылымы
қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. Президент биылғы Абай күні
елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанын атап
өтті. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық
институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Көп ұзамай ел тарихында
алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы
әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз. «Адал Азамат», «Таза
Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі
қоғамның берік негізі, - деді Президент.

