Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Президент Жолдауында көтерген осы мәселені отандық сарапшылар да қуаттап отыр. Экономист Бауыржан Ысқақ жер емген ауыл еңбеккерлерін ұзақ мерзімді инвестициялық ресурспен қамту төл кәсібінің қарыштауына жол ашатынын алға тартады. Президенттің де айтпағы осы. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Дей тұра ол қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр. Шаруаларға өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға жағдай жасалуы керек дейді, сарапшы. Ол үшін цифрлық технологиялардың игілігі ауылдағы шағын шаруашылықтарға да қолжетімді болуы тиіс. Алқаптарда АІ-шешімдерін қолдану, су үнемдеу технологиясын енгізу де Жолдау жүктеген міндеттердің бірі.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер цифрлық технологиядарды тиімді пайдаланатын болса, дәл қазіргі уақыттағы мәселелердің алдын алуға мүмкіндік алады. Бірінші кезекте әрине ол өткізу нарығының кеңейюі. Президенттің осы Жолдауында айтқан ең басты мақсаты - осы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға ұзақ мерзімді қаржы беру. Яғни бұның үлкен артықшылығы - енді шаруалар алған несиесін қашан қайтарамын деп басын ауыртпай, егер ол 7-8 он жылға дейін берілетін болса, оның негізгі мақсаты осы салған егіннің ұстап отырған малының өнімділігімен айналысады.

