Қазақстан су инфрақұрылымын жаңғыртуда

Қазақстан су инфрақұрылымын жаңғыртуда

Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 нысанды қайта жаңғырту және тағы 110 гидротехникалық құрылысты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл қосымша 2,5 млрд текше метрден астам су жинауға мүмкіндік бермек. Түркістан облысында жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы 69 млн текше метрден асатын «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында тағы үш су қоймасын салу межеленген.

Гүлзат Махаева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының басшысы :

- Биыл Ислам даму банкі желісі бойынша үш су қоймасының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Олар - Жамбыл облысындағы Ақмола, Қызылорда өңіріндегі Қараөзек және Батыс Қазақстандағы Үлкен өзен су қоймалары. Сонымен қатар, Азия даму банкінің қаржыландыруымен Есіл контрреттегіші, яғни  өзенінің төменгі ағысындағы тасқын сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және суды жинап, реттеуге арналған гидротехникалық нысан құрылысы жүргізіліп жатыр.

Елімізде суару арналарын жаңғырту жұмыстары да қарқын алынған. Олардың жалпы ұзындығы - 45 мың шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін мың шақырымға жуығы жаңартылады. Бұл 2030 жылға қарай суды тасымалдау шығынын екі есе азайтуға мүмкіндік береді. Қазір 13 мың гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді.  Бұл жұмыс 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында көзделген.

Гүлзат Махаева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының басшысы :

– Аталған тұжырымдамаға сәйкес, 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оның 20-сы Су ресурстары министрлігі, ал 22-сі жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қолданыстағы 37 гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту көзделген. Жалпы, осы шаралардың барлығы қосымша 2,6 миллиард текше метр тасқын және еріген қар суын жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, елдегі су тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?