Қазақстан Ұлттық банкі жыл қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 5 пайыздан асады деп болжауда. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Астанада өткен Халықаралық валюта қорының өңірлік экономикалық шолуына арналған таныстырылымда мәлімдеді. Алдын ала бағалау бойынша, тоғыз айда жалпы ішкі өнім 4,2% өскен. Ал өндіруші секторды есепке алмағанда, өсім 5,4 пайызды құраған. Жалпы ішкі өнімнің қарқын алуына өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары негізгі үлес қосқан. Сондай-ақ, экономикалық серпілістің стратегиялық бағыттарының бірі - сауданы әртараптандыру. Бұл ретте көлік бағыттарын кеңейтуге және елдің логистикалық әлеуетін арттыруға ерекше мән беріліп отыр.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Бұл - Қазақстан үшін стратегиялық басымдық. Біз Орта дәлізді қоса алғанда, көлік бағыттарын дамытып, теміржол желісі мен логистикалық инфрақұрылымның өткізу мүмкіндігін арттырып жатырмыз. Көлік пен логистикаға салынған инвестициялар көлік байланысын нығайтуға, сауда-саттықты жеңілдетуге және бизнестің өңірлік әрі әлемдік нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

