Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургтері ми қабығындағы ісікті емдеудің аз инвазивті әдісін қолдан жүр. Бұл - эмболизация тәсілі. Аталған заманауи емді қолдану қатерсіз ісікті қоректендіретін қан тамырларын жауып, оның көлемін біртіндеп кішірейтуге мүмкіндік береді. Операция барысында дәрігерлер сан артериясы арқылы жіңішке катетер енгізеді. Оның көмегімен арнайы зат ісікке жеткізіледі. Емдеу ашық ота жасамай жүргізіледі. Осындай ем қабылдаған пациенттердің бірі - Ләззат Елеусізова. Емнен кейін ол тез қалпына келіп, қазірде дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Ләззат Елеусізова, науқас:
- Ота сәтті өтті, өзімді жақсы сезінемін. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Жақында МРТ-дан өткен едім, дәрігерлер ісіктің едәуір кішірейгенін айтты. Әзірге нақты болжам жасалған жоқ, тек тұрақты бақылауда болу керегін ескертті. Жалпы, жағдайым жақсы.
Исламбек Мұсабеков, нейрохирург:
- КТ және МРТ нәтижелері ісік көлемінің кішірейгенін, тіпті кей жағдайда толық жойылғанын көрсетіп отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл әдісті АҚШ-тағы жетекші клиникалармен қатар, Италия, Германия және Үндістандағы шетелдік әріптестеріміз де қолданып келеді.
Жаңа әдістің тиімділігі халықаралық деңгейде зерттелуде. Отандық мамандар қатысқан талдау барысында 4 медициналық орталықта емделген 40 науқастың деректері талданған. Бір жылдан кейін ісік көлемінің медианалық көрсеткіші шамамен 82 пайызға азайған. Бұл әдісті қолдану барлық пациентке бірдей келе бермейді. Оның ұзақ мерзімді нәтижелерін әлі де зерделеу қажет. Қазақстанда мұндай ем міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді.

