Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық тетіктері белсенді қолданылуда. Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған. Криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Олардың көмегімен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жұмыс барысы туралы Ішкі істер министрі баяндады. Ержан Сәденов шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Мыңнан астам іздеу салынғандардың мекен-жайы анықталды, сырт елдерде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды. Тұтастай алғанда, тоғыз айда қылмыс 15%-ға, интернет-алаяқтық саны 21%-ға төмендеді. 9 мыңға жуық алаяқтық және фишингтік сайттар, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды.

