Гонконг денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуде Қазақстанмен серіктестік орнатады. Ынтымақтастық медицина кадрларын даярлау, кәсіби тәжірибе мен білім алмасу бағыттарында өрбиді. Бұған Астанада өткен семинарда Назарбаев Университеті, Гонконг Қытай университеті және Макао ғылым және технология университеті арасында жасалған меморандум негіз болады. Жиынға сарапшылар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мен медициналық ұйымдардың басшылары қатысып, саланы цифрландыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және медициналық білім берудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ, жаңа технологияларды денсаулық сақтау жүйесіне енгізіп, оларды медициналық тәжірибеде тиімді пайдалануға назар аударылды.
Скендер Сыла, ДДСҰ өкілі, Қазақстандағы ДДСҰ елдік кеңсесінің басшысы:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үшін ең бастысы - медициналық технологиялар пациеттерге нақты пайда әкеліп, көрсетілетін көмектің сапасын арттыруы. Бұл бағытта, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуда, Қазақстанның атқаратын рөлі зор. Бүгінде елміз денсаулық сақтау сласында цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатыр. Алайда технологиямен қатар мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондықтан Қазақстанның, Назарбаев Университеті жне Гонконг өкілдерінің басын қосқан мұндай кездесудің маңызы зор. Бұл тәжірибе алмасып, денсаулық сақтау саласында ортақ жаңа шешімдер іздеуге мүмкіндік береді.
Кадр даярлау мәселесі семинардың негізгі тақырыптарының біріне айналды. Сарапшылардың айтуынша, саланың болашағы жаңа технологияларды енгізуге ғана емес, оларады іс жүзінде тиімді қолдана алатын мамандарға да байланысты. Сондықтан қаржыландырумен қатар, заманауи құрал-жабдықтар, білікті дәрігерлер, ғалымдар, мейірбикелер және өзге де медицина мамандары қажет.
Лян Чжень-Ин, Қытай Жалпыұлттық Саяси Консультативтік Кеңесі төрағасының орынбасары, «GX » қорының төрағасы:
- Қазақстан мен Гонконг үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуы - ортақ мәселе. Сондықтан біз жәй ғана тәжірибе алмасып қоймай, Қазақстанда іс жүзінде қолдануға болатын шешімдерді бірлесіп іздеуді көздейміз. Астанадағы Назарбаев Университетімен ынтымақтастығымыз да білім алмасуға бағытталған. Бұл ретте бірлесіп кадр даярлау мәселесінің маңызы ерекше. Өйткені Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытатын болашақ дәрігерлер, ғалымдар, мейірбикелер мен басқа да мамандар керек.

