Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына әлемдік көшбасшылардан Республика күніне байланысты құттықтаулар келіп түсуде. АҚШ Президенті де құттықтау жеделхатын жолдады. Дональд Трамп кейінгі бір жыл ішінде серіктестік тереңдей түскеніне қуанышты екенін жазды. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап екі елге де пайдалы маңызды коммерциялық келісімдерге дейін қамтыды. Сонымен қатар, Ақ үй басшысы 1991 жылы халықаралық аренада Қазақстанды егемен ел ретінде бірінші болып Құрама Штаттар танығанын, сондай-ақ біздің елдің тәуелсіздігі мен егемендігін және аумақтық тұтастығын әрдайым қолдайтынын айтты. Сөз соңында Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуде асыға күтетінін жеткізді.

