Будапештте қазақстандық кино күндері өтті. Екі күн бойы Мажарстан астанасының Ұлттық кинотеатрында көрермендерге отандық «Әмре», «Қайтадан» және «Анаға апарар жол» фильмдері көрсетілді. Әрбір фильм Қазақстан тарихы, оның мәдениеті мен халықтың рухани құндылықтарын танытты. Біріншісі - Еуропада танылған қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы әңгімелейді. Екіншісі - жеке таңдау және жауапкершілік тақырыптарын қозғайды. Үшіншісі - күрделі тарихи оқиғалар аясында ана махаббаты мен отбасы құндылықтарының күшін көрсетеді. Көрсетілімге Венгрия саясаткерлері, мәдениет қайраткерлері, дипломаттар, қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер келген. Мұндай іс-шара шетелдік аудиторияны қазақстандық кинематографиямен таныстыруға, мәдени байланыстарды нығайтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға көмектеседі. Шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Қазақстанның Венгриядағы елшілігі ұйымдастырған.
Сара Джиневра Менегети, Италияның Венгриядағы консулы:
- Мен Қазақстанда үш жылға жуық өмір сүрдім, сондықтан бұл кеш сол шақты, қазақ елінің мәдениетін, тіпті қазақстандықтардың әзілдесу шеберлігін еске салды. Қазақстанның елшісі Анель Бақытбекқызының мәдени дипломатия халықтарға бір-бірін жақсы танып, мәдениеттің жаңа қырларын ашуға көмектеседі деген пікірімен толық келісемін.
Тимеа Янурик, Халық музыкасының оқытушысы:
- Мен көрсетілімге арнайы шақыртумен келдім. Музыкант ретінде туынды маған ерекше әсер қалдырды. Кеш соңында мені басты рөлді орындаушымен байланысты нағыз тосын сый күтіп тұрды. Фильм жоғары деңгейде түсірілген. Сонымен қатар, қазақстандықтармен әңгімелесіп, кештен жақсы әсер алдым.

