«Болашақ ойындары - 2026» рекордтық қаралым жинады

«Болашақ ойындары - 2026» рекордтық қаралым жинады

Астанадағы «Болашақ ойындары - 2026» қыза түсті. Турнирдің басты сайыстарының бірі Dota 2 ойыны. Бұл тартыс бүкіл әлем бойынша көрермендердің назарын аударды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыстың трансляциясы рекордтық 185 миллионнан астам қаралым жинады, бұл турнирге Қазақстаннан тысқары аумақтағы жанкүйерлердің жоғары қызығушылығын айғақтайды. Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Американың 34 елінен 16 үздік команда жеңіске таласуда. Сайыстың жалпы жүлде қоры - 1 млн  доллар, оны жеңімпаздар өзара бөліседі. Қатысушылар жарыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалап, таңданыстарын жасырмады, олар ойын нәтижесіне қарамастан, сайыстан үлкен әсер алғанын айтады.


Брайл Альвизо, «Болашақ ойындары - 2026» қатысушысы:


- Жалпы турнир жақсы ұйымдастырылған. Дәмді тамақ, ыңғайлы сайыс кестесі, бізді қызметкерлер де қуана қарсы алды. Бұл елде адамдар өте мейірімді. Біз мұндағы ұйымдастыру жұмысының сапасына дән ризамыз. Ойынның басында біз алға шықтық және осы матчта жеңіске жетуге мүмкіндігіміз бар еді, өкінішке қарай, жеңіс уыстан шығып кетті.


Айта кетейік, қазір турнирдің ширек финалдық кездесулері өтіп жатыр. Плей-оффқа үздік 8 команда шықты. Бұл кезеңнің барлық матчтары «үштіктің үздігі», ал гранд-финал - «бестіктің үздігі» форматында өтеді. Финалдық ойындар 5 тамызға дейін жалғасады. Турнирде Қазақстан намысын Rune Eaters командасы қорғайды. Бүгін отандық ойыншылар Қытайдан келген Yakult Brothers командасымен кездеседі.


Ербол Мырзабосынов, ҚР туризм және спорт министрі:

– Киберспорт бүгін қарқынды дамып келеді. Жастар арасында ең танымал спорттың бірі. Қазақстан ірі халықаралық жарыстарды өткізуде мол тәжірибе жинақтады. Елімізде заманауи спорт инфроқұрылымы қалыптасқан. Енді киберспортты дамытуға басымдық беріп отырмыз. Болашақ ойындары сияқты жобалар жаңа серіктестікке жол ашады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?