Қазақстандық композитор Ахмет Жұбановтың музыкасы әлемдік стриминг платформаларына шықты. Ұлы сазгердің скрипка мен фортепианоға арналған шығармаларының толық жинағы алғаш рет альбом ретінде жарық көрді. Бұл туындыларды Ахмет Жұбановтың шөбересі, скрипкашы Жәңгір Жұбанов пен пианист Ерназар Ғимарат орындап, заманауи сапада жазған. Альбом қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін қалаған композитордың мұрасын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстың бастауы болмақ. Жоба Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай қолға алынды.
Жәңгір Жұбанов, А.Жұбановтың шөбересі, скрипкашы:
- Заманауи технологиялар, тіпті стримингтік платформалар да ұлттық дәстүрді танытуға мүмкіндік береді. Мысалы, мен Ахмет Қуанұлы Жұбановтың «Ақкөгершін» әнін жазып алдым. Бұл әнді көпшілік халық әні деп қабылдайды. Меніңше, әннің авторын таныта отырып, оның әрі қарай орындалып, тыңдарманға қуаныш сыйлағаны маңызды.

