«Танымал француз тарихшысы Мари Фавероның қазақ тілінде шыққан «Алтын Орда» кітабы оқырманның үлкен олжасына айналады деп сенемін» - вице-президент Ерлан Қарин кітап авторымен кездесіп, әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп жазды. Елордада кітаптың тұсаукесері өтті. Автор Сорбонна, Лейден, Оксфорд университеттерінде және Француз шығыс археологиясы институтында қызмет етіп, осы еңбекті жазуға 20 жылын сарп еткен. Осы уақыт ішінде біраз мемлекетті аралап, түркі, араб, европа елдерінің архивтерін ақтарған. Нәтижесінде ағылшын және француз тілдерінде «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты іргелі тарихи еңбек жарық көрді. Кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын әзірлеуге белгілі баспагер Раиса Қадыр мұрындық болды.
Мари Фаверо, «Алтын орда» кітабының авторы:
- Нақ осы қазақша аударма ерекше маңызды, өйткені ол Қазақстан тарихына тікелей қатысты. Жошы Ұлысы, яғни Алтын Орда мен Қазақстанның арасында қызықты байланыс бар. Бұл далалық өркениет еді, әрине, мұнда көшпенділер мәдениеті сөз болып отыр. Бірақ бұл мемлекет қала өміріне де бейім болды, өйткені Алтын Орданың өз қалалары болған - олар қазіргі Қазақстан аумағында сақталып қалған. Бұл ұлыс көпқырлы, түрлі мәдениеттерге ашық әрі көп конфессиялы, өте интегративті қоғам болды.
Раиса Қадыр, Steppe And World баспасының негізін қалаушы:
- Автордың айтуынша деректерді жан-жақтан іздеп тапқан. Ең маңыздысы бұл жерде сауда қарым-қатынасы болған. Бір-біріне жіберген сауда жолы болған кезде, сол арқылы деректер сақталып қалған әрбір мемлекеттерде. Жібек жолымен, басқа да әртүрлі сауданың жолы болды ғой сол заманда. Екіншіден, Алтын Орданың кезінде дипломатияның тамаша кезеңі болған. Жошы ұлысының хандары, Еуропаға, Итальяға мынандай үлкен хаттар жазып жіберіп тұрған. Солардың бәрі сақталып қалған.

