Қазақстандық студенттер университеттер арасында шахматтан
өткен тұңғыш командалық әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Алматыда FIDE
жүлделері үшін әлемнің әр елінен келген 16 жоғары оқу орнының командасы бақ
сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сында ең тартысты әрі эмоцияға толы
кездесулердің бірінде Қазақ ұлттық спорт университетінің шахматшылары
америкалық University of Texas at Dallas командасын жеңді. Чемпионат
қорытындысы бойынша қазақстандықтар Гарвард пен Кембридж университеттерінің ойыншыларында
басып озды. Айта кетейік, тұңғыш әлем чемпионаты университеттік шахматтың үздік
мектептерін жиды. Мақсат – зияткерлік спортты дамыту және жоғары оқу орындары
арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Нәтижесінде Ural State Mining
University командасы чемпион атанды –. Екінші орынды АҚШ-тың Saint Louis
University құрамасы иеленді. Ала тақтайша жарысының жалпы жүлде қоры 15 млн
теңгені құрады.
Дәрмен Сәдуақасов, Қазақстан шахмат федерациясының
бірінші вице-президенті:
– Қазақстандық спорт
университетінің құрамасы командалық әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алғанын
қуана атап өткім келеді. Бұл жеңіс жарыстың соңғы минуттарында ғана белгілі
болды. Атмосфера өте керемет болды. Ең бастысы, Қазақстанның алғашқы
Дүниежүзілік шахмат универсиадасын, яғни жоғары оқу орындар арасындағы
командалық әлем чемпионатын өткізу бастамасы сәтті жүзеге асты деуге толық
негіз бар.
Қазыбек Нөгербек, FIDE World University Team Chess Championship қола жүлдегері:
- Кейбір қарсыластармен ойнау оңай сияқты көрінгенімен,
әр партияда бар күшімізді салуға тырыстық. Өйткені кез келген қарсылас күтпеген
«сый» жасауы мүмкін екенін білдік. Сондықтан бір сәтке де босаңсуға болмайды.
Біз әр ойынға тек жеңіс үшін шықтық.

