Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару реформасын қолдау бойынша 3 жылдық
жаңа жоба іске қосылды. Бұл ел Үкіметінің, БҰҰ Даму бағдарламасы мен Еуропалық
одақтың бірлескен бастамасы. Оны жүзеге асыруға Еуро Одақ шамамен 5 миллион
доллар бөлді. Астанада жобаны басқару комитетінің бірінші отырысы өтті. Бағдарлама
әкімдіктер мен мәслихаттар жұмысының тиімділігін, сондай-ақ ашықтықты арттырып,
мемлекеттік қызметтердің сапасына оң ықпал тигізеді. Сонымен бірге жоба
жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау барысына тұрғындардың қатысуын кеңейтеді.
Цифрлық құралдарды енгізуге, еуропалық елдермен тәжірибе алмасуға және үздік
халықаралық тәжірибелерді енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. БҰҰ Даму Бағдарламасының
Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың айтуынша, бастама еліміздің
барлық өңірлеріне таралуы ықтимал жаңа тәсілдерді сынақтан өткізеді.
Катаржина Вавьерниа, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі:
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы көптеген елдерге, соның ішінде аз дамыған мемлекеттерге қолдау көрсетіп, өңірлерді дамыту бойынша жобаларды іске асырады. Алайда, Қазақстан - табыс деңгейі орташадан жоғары, даму деңгейі бойынша көптеген басқа елдерден едәуір озық ел. Жергілікті даму - бұл негізгі фактор, бұл - шынымен де, өте маңызды іс. Көптеген елдер жергілікті институттардың арқасында табысқа жетті. Сондықтан мен бұл серіктестікті өте маңызды деп санаймын.

