Қазақстандық ортопедияда роботтандырылған технологиялар
мен жасанды интеллект белсенді қолданылуда. Президенттің Іс басқармасының
Медициналық орталығы ауруханасында жыл басынан бері Mako жүйесінің көмегімен
тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша 50-ге жуық ота жасалды. Жүйе
пациенттің анатомиясын ескере отырып, операцияны алдын ала модельдеуге
мүмкіндік береді. Алдымен науқасқа компьютерлік томография жасалады, соның
негізінде буынның 3D-моделі әзірленеді. Кейін алынған деректерге талдау жасалып,
импланттың параметрлері автоматты түрде есептеледі. Олардың негізінде хирург
операцияны алдын ала жоспарлайды. Робот дәрігерді алмастырмайды - соңғы шешім
мен ота барысын бақылау маманның құзырында қалады. Мұндай тәсіл эндопротездеуді
анағұрлым жеңілдетіп, тіндердің жарақаттануын азайтуға мүмкіндік береді.
Әнуарбек Кулчаров, ҚР ПІБ Медициналық орталығы
ауруханасының травматолог-ортапед дәрігері:
- Бұл әдістің артықшылығы неде? Ол науқастың дене
мүшесіндегі жарақаттар мен сүйектің кеміктенген аумағын миллиметрге дейінгі
дәлдікпен анықтайды, сондай-ақ робот есептеп берген мәліметтер бойынша имплант
әзірленіп, ол аса жоғары дәлдікпен орнатылады. Десе де ота барысына адам да
қатысады: маман тиісті мәліметтерге түзетулер енгізеді, сүйекті кесу және
имплантты орнату барысын бақылайды. Осылайша, біз осы технология көмегімен, имплантты
дәл орнына, геометриялық дәлдікпен орнатамыз.
Роботтандырылған хирургияның тағы бір оң нәтижесі -
науқастың қысқа мерзім ішінде сауығып, қимыл-қозғалысының жылдам қалпына келуі.
Мамандардың айтуынша, мұндай операциялардан кейін оңалу кезеңі бір айдан үш
айға дейін созылуы ықтимал. Алайда, жаңа тәсілмен буын қимылы тез қалыпқа
келеді. Пациенттер операциядан кейінгі бірер күнде еркін қозғала бастайды.
Гүлнар Шаяхметова, пациент:
- Бүгін осында
емделіп жатқаныма екінші күн, осыншама тез оңалып, бүгін аяғымды қозғаймын деп
ойламаған едім, бірақ бәрі сәтті өтті. Тамаша аурухана, мамандардың біліктілігі
аса жоғары деңгейде, травматологтар, барша дәрігерлер маған көп көңіл бөліп, сауығуыма
барын салды.

