Қазақстанда жаңа мыс балқыту зауыты салынады. Еліміздің
ірі металлургиялық жобаларының біріне 750 миллиард теңгеден астам инвестиция
салынбақ. Қуаттылығы жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін кәсіпорын 2030
жылы пайдалануға беріледі. Мұнда сондай-ақ алтын, күміс және күкірт қышқылы
өндірілетін болады. Жоба ел Президентінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі атап өткендей, зауыттың іске қосылуы
Қазақстанда мыс өндірісін 1,5 есеге, яғни жылына 800 мың тоннаға дейін
жеткізуге, қосылған құны жоғары өнім экспортын едәуір арттыруға, сондай-ақ елді
әлемдік мыс өндірушілердің көшбасшылар қатарына шығаруға мүмкіндік береді.
Азамат Панбаев, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитетінің төрағасы:
- Бүгін Үкімет министрлік пен «Qazaq Smelter» кәсіпорны арасындағы инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдады. Жоба металлургия саласында жаңа технологияларды, сондай-ақ көміртегі ізін төмендетуге және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік беретін озық экологиялық шешімдерді енгізуді көздейді. Бұл жоба металлургия өнеркәсібіндегі аса ірі жобалардың бірі болып табылады.
Айта кетейік, Қазақстанда бірінші жартыжылдық қорытындысы
бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шамамен 10%-ға артты. Негізінен
машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібінде, мұнай өңдеуде және құрылыс
материалдарын шығаруда өсім байқалады.

