«Sailau AI» - Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы
АІ-ассистентін іске қосты. Жаңа сандық көмекші сайлауды ұйымдастыру және өткізу
туралы сұрақтарға тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде жауап береді. Оның
көмегімен қалай үйден дауыс беруді білуге, есептен шығару куәлігін алуға немесе
сайлаушылар тізімдеріндегі мәліметтерді тексеруге болады. Сервис AlemLLM
отандық тіл моделі негізінде құрылған. Ол Конституция және басқа да тиісті
заңдар аясында жауап ұсынады. «Sailau AI» Орталық Сайлау Комиссиясының ресми
сайтында және Telegram парақшасында ұсынылған. Қазір әзірлеушілер жауаптардың
дәлдігі мен оның сапасын арттыру үшін жүйені оқытуды жалғастыруда. Естеріңізге
сала кетейік, Құрылтайға депутаттарды сайлау осы жексенбі күні, 23 тамызда
өтеді. Сайлау алдындағы үгіт бір күн бұрын, 22 күні аяқталып, тыныштық күні
орнайды. Дауыс беру күні сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-ден
кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді.

