Қазақстанда гуманоидты роботтар құрастыру зауыты салынады. Бұл роботтар
жасанды интеллектіге физикалық дене қимылы еркіндігін беретін Embodied AI технологиясына негізделмек. Жобаның
бірінші кезеңіне шамамен 200 млн доллар инвестиция тартылған. Оның аясында Қазақстан
астанасындағы өндіріс жолға қойылып, инженерлік әзірлемелер, сервистік
инфрақұрылым мен жасанды интеллект технологияларын дамытуды біріктіретін
заманауи Robotics & AI Hub құрылады.
Азамат Ешмұхаметов, Qazbot Technologies компаниясының техникалық
директоры:
- Кеше ғана осы жоба бойынша зауыттың капсуласын салдық. Егер жоспарымыз
жүзеге асса, дәл бір жылдан кейін сіздер зауыттың ашылу салтанатына куә
боласыздар. Бұл жоба Қазақстан үшін өте маңызды әрі бірегей. Себебі біз
заманауи талаптарға сай, жоғары технологиялық және инновациялық өнім шығаратын зауыт
саламыз.
Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми
сапары барысында қол қойылған QAZBOT
Technologies пен әлемдік жетекші компаниялардың бірі – AgiBot-пен келісім
аясында жүзеге аспақ. Астанада өткен QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 алаңында
болашақ зауытта құрастырылатын роботтардың механикалық бөлшектері,
қимыл-қозғалыс жүйелері, жасанды интеллектіге негізделген бағдарламасы
талқыланды.
Лю Сухе, Lingxi Agibot компаниясының вице-президенті:
- Бізде
өнеркәсіпте кең ауқымды өзара іс-қимыл жолға қойылды. Келесі жылы біз өз
шешімдерімізді жаңа салаларға бейімдеп, оның қолдану аясын кеңейтуді жоспарлап
отырмыз. Қазақстанда гуманоидты роботтар мен физикалық жасанды интеллекттің дамуымен
қатар, жергілікті робот өндірушілермен және жеткізу тізбегінің басқа да
қатысушыларымен ынтымақтастық артады. Алдағы 5 жылда бұл бағыт белсенді дамып,
жоба толыққанды жүзеге асады деп ойлаймын.

