Қазақстанда
жыл соңына дейін Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы іске қосылады. Жалпы
жыл басынан бері елімізде 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру
бағдарламасы жаңартылды. Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар
даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды. Ел аумағында жаңа технологиялардың дамуына
байланысты заманауи мамандардың тапшылығы сезілуде. Сарапшылардың есебінше, 2035
жылға дейін ел экономикасына 3 млн-ға
жуық қызметкер қажет болады. Бұл сұраныстың жартысынан астамын жұмысшы мамандар
құрамақ.
Жұлдыз
Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Осы
мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беру
жүйесін трансформациялаудың жол картасы жүзеге асырылуда. Студенттердің кәсіби
құзіреттерін кеңейту үшін микробіліктіліктер мен майнер қосымша бағдарламалары
енгізілуде. Жұмысшы біліктіліктері бойынша білім беру бағдарламаларында жасанды
интеллект құралдарын кәсіби қызметте қолдану дағдылары қамтылатын болады. Білім
беру бағдарламаларының тізілімі «career.enbek» Ұлттық біліктілік жүйесінің
цифрлық платформасымен интеграцияланды. Бұл бағдарламалардың мазмұнын кәсіптік
стандарттармен байланыстыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ
әр өңірде экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлау және оларды
тәуелсіз сертификаттау жөніндегі салалық кластерлер құру көзделіп отыр. Осыған орай жауапты тұлғалар өндірістердегі
жұмыс орындарының түрлері мен санын жыл сайын болжау бойынша жүйелі талдау
жұмыстарын жүргізеді. Деректер тұрақты түрде жаңартылып, Enbek.kz ақпараттық
жүйесінде орналастырылуға тиіс. Бұл ретте цифрландыру мен жасанды интеллектіні
ескере отырып, қолданыстағы кадр даярлау жүйесін қайта құруға басымдық
берілмек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы экономиканың түрлі саласына
заманауи технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыра алатын жаңа
буын мамандары қажет екенін үнемі атап өтуде. Жұмысшы мамандықтарына айрықша
назар аудару қажет. Қазіргі таңда кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару
жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істеп, нақты міндеттерді шешу үшін жаңа
технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуге тиіс.
Қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет.

