Қазақстан жаңа көлік дәлізін салуда

Қазақстан жаңа көлік дәлізін салуда

Арал-Каспий тасжолы Қазақстанның ең ірі инфрақұрлымдық жобаларының біріне айналмақ.  Магистраль толықтай жаңадан салынады. Ол Қорғас пен Достық шекара бекеттерін Ақтау және Құрық теңіз порттарымен байланыстырып, «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жобасының бөлшегіне айналады. Өсіп келе жатқан транзиттік тасымал ағыны жобаның өзектілігін айғақтайды. Қазірдің өзінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізімен Қазақстан арқылы күн сайын 10 мыңнан 15 мыңға дейін көлік жүріп өтеді. Бұл бастапқыда жоспарланған көлемнен едәуір артық. Құрылыс бастамастан бұрын мамандар кешенді зерттеу жүргізген. Олар жол төселетін аумақтағы топырақтың тығыздығын, желдің бағытын, жануарлардың миграция жолын және өзге де табиғи жағдайларды зерделеген. Осы деректер негізінде жолдың сенімділігін қамтамасыз ететін және қызмет ету мерзімін ұзартатын технологиялар таңдалды.

Сағи Садықұлы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарушы директоры:

- Сондай-ақ біз жол төсемінің құрылымында, қазақстандық өндірістен шыққан қоспалар мен материалдарды пайдалануды жоспарлап отырмыз. Және осы қоспаның көмегімен аралық жөндеу мерзімі де қысқа болмақ. Сондай-ақ, қазіргі уақытта жол жабынының жоғарғы қабатын қиыршық тас-мастикалық асфальтбетоннан жасау көзделген. Бұл материалды төсеуге біз Superpave және KazPave сияқты технологияны қолдануды жоспарлап отырмыз, бұл модификацияланған битум.

«Бейнеу - Сексеуіл», «Қызылорда - Сексеуіл» және «Ұлғайсын - Сексеуіл» үш жаңа магистралі 1 600 шақырымнан астам қашықтықты жалғастырады. Оның 650 шақырымын Қазақстанның Даму банкі қаржыландырып отыр. Тағы 900 шақырымды халықаралық қаржы институттарының қолдауымен іске асыру жоспарланған. Құрылыс жұмысын бастау келер жылға белгіленген. Барлық бағыттар бойынша көпірлер, жол өтпелері, су өткізу құрылыстары, демалыс аймақтары мен жол бойындағы сервис нысандары пайда болады. Заманауи цифрлық мониторинг жүйелері қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?