Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысын Сеул әуежайында Премьер-министрдің орынбасары – Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Гён Хун күтіп алды. Сәрсенбі күні Сеулде «Орталық Азия - Корея Республикасы» бірінші саммиті өтеді, оның жұмысына Мемлекет басшысы қатысады. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер және жетекші компаниялар басшыларымен кездесулер өтеді. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлерін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Рәсім барысында екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қосқаны үшін Корея Республикасы Ұлттық жиналысының депутаттарына, Сеул киберуниверситетінің президентіне, Хангук шет тілдері университетінің профессорына, Орталық Азияны зерттеу институтының директорына және көпбейінді клиникасының басшысына орден табысталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік.
Бүгінде екі мемлекет арасында терең саяси диалог орнап, сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан мен Корея Республикасы машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейіп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен байланысты күшейтуде еліміздегі корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты. Президенттің пайымдауынша, қос халықтың достығын бекемдеу ортақ мүддеге сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілдері тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этностар үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда Корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ, корей тілінде газет шығады, арнайы радиохабар таратылады.

