Қазақстан Президенті Сеулде бірқатар келіссөз жүргізді

Қазақстан Президенті Сеулде бірқатар келіссөз жүргізді

Қазақстан Президенті Сеулге мемлекеттік сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы Пан Ги Мунмен жүздесті. Мемлекет басшысы дамушы елдердің жасыл экономика моделіне көшуіне қолдау білдіретін институт қызметінің маңызына тоқталды.

Пан Ги Мун Қазақстанның орнықты даму саласындағы табыстарын құптап, дүниежүзілік климат күн тәртібі аясында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау және оны қазіргі заман талабына бейімдеу туралы пікір алмасты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады. Кездесуде тараптар инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын айтты. Президент Hanwha Group компаниясына Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын технологиялық алаң ретінде пайдаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Ким Дон Вон  1997 жылы Қазақстанмен ынтымақтастықты бастаған корпорация түрлі жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинмен де жаңа жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады. Компания тамақ өнеркәсібі, логистика қызметі және қонақ үй бизнесі салаларына қаржы құюға ниетті. Мемлекет басшысы Алматыда Lotte брендімен алғашқы қонақ үй құрылысына қатысты келісімді құптады. Сондай-ақ компания Alatau City жобасын дамытуға, соның ішінде Iconic Complex құрылысына қатысуға ниетті.


Сонымен қатар Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады. Кездесуде корей тарапынан осы топқа кіретін Hyundai Engineering пен Kia автоконцерндерінің өкілдері қатысты. Президент Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру міндеттері айқындалғанын айтты. Ол осы орайда электромобиль өндірісі, оның қосалқы бөлшектері мен қуаттау инфрақұрылымын жасақтауға назар аударды. Кездесу соңында Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу туралы және  Hyundai Tucson жаңа моделінің өндірісі жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.

Қазақстан Президенті KIND корпорациясының басшысы Ким Бок Хванмен Алатау қаласын дамыту әлеуетін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев корей тарапын жаңа шаһардағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне қатысуға шақырды. Тараптар бірлескен инвестициялық қор құру, сондай-ақ Ақтау, Құрық порттарын және өңірлік әуежайларды дамыту мүмкіндігін қарастырды. Кездесу соңында үш құжатпен алмасу рәсімі өтті. Оның ішінде Alatau Smart City жобасының бас жоспарын әзірлеу туралы келісім бар.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?